Орта Азиядағы фактчек: Factcheck.kz сайтының негізін қалаушы және редакторымен сұхбат

Орта Азиядағы фактчек: Factcheck.kz сайтының негізін қалаушы және редакторымен сұхбат

Factcheck.kz-тің негізін қалаушы Әділ Жалилов пен жобаның бас редакторы Павел Банников жұмыс барысында қандай  қиындықтарға кезігетінін және Орталық Азиядағы алғашқы фактчек-редакция қай бағытта дамитынын айтты. Сұрақтар материалдың сыртында қалғанымен, жауаптар арқылы бәрі түсінесіздер деген ойдамыз.

Әділ Жалилов: Естеріңізде болса, Украина мәселесі өршіп тұрған кезде тіпті қазақстандықтар да екі тарапқа бөлінді. Адамдар жұмыста да, үйде де пікір таластыратын. Өздері оқыған ақпараттың ықпалымен біреулері Ресейге жақтасса, енді бірі Украинаны қолдады. Факттарды қайта тексеріп, логикаға сүйеніп бейтарап жаңалық таратқан ресурс болмады.

Мен тақырыпты тереңірек білгім келіп зерттегенде, батыс журналистикасына танымал фактчекинг жанрының барын білдім.

Дезинформация мен ақпараттарды манипуляциялау жаһандық мәселе. Ол Қазақстан үшін де өзекті тақырып және тек Украина оқиғасымен шектелмейді.

Сол кезден бастап мен фактчекингтік жоба жасап, оны дамытамын деп алдыма мақсат қойдым. Адамдар ақпараттарды логикалық тұрғыда қабылдап, оларды тексере білуі тиіс. Яғни, қарапайым адамдардан бастап шенеуніктердің сөзін де тексере алуымыз керек.

Фактчекинг жанры жеңіл болмағандықтан алдымда оның құралдарын, әдістемесін үйрену керек деген міндет тұрды. Әлемде керемет фактчек жобалар көп, бірақ біз бұл жанрдың орыстілді кеңістігінде дамығаны ретінде украиналық сарапшыларды таңдадық. Редакциямыздың мүшелері Киевке барып, бірнеше фактчекингтік жобалардан білім алып келді. Бұл редакциялық саясатты, әдістемені, тексеру обьктісін анықтауға көмектесті.

Павел: Бір жарым жыл ішінде біз редакцияларда ондаған, Алматы журналистеріне арналған екі ауқымды тренинг өткіздік. Қазақстандық журналистерге материал дайындау кезінде қолдануға болатын ақпарат пен құралдарды жеткілікті дәрежеде бердік деп ойлаймын. Әуелде біз кәсіби ортаға негізделіп жұмыс істедік, журналистер бізді оқитынын, әсіресе әдістеме бөлімін жиі қарайтынын білеміз.

Қазір үлкен аудиторияны қамтуға тырысып жатырмыз. Бірінші кезекте әртүрлі ақпараттың арасында ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігінен шатасқан студенттер мен жас азаматтар тұр. Біз ақпаратты журналистер ғана емес, сыни тұрғыдан ойлай алатын оқырмандар да тексере алатындай мүмкіндік бергіміз келеді.

Фейсбукта суреттер мен видеоларды тексерумен айналысатын бірнеше топ пайда болды, оның ішінде фактчектегі тәжірибе мен әдістемелерді айтып отыратын біздің тобымыз да бар. Фактчекке журналистер ғана емес, әлеуметтік желі қолданушылары да қызығады. Факттарды тексерумен өздері айналысатын белсенділер бар, кейде біз сайтқа фейсбуктағы тобымыздың мүшелері анықтаған ақпараттарды жариялаймыз.

Әділ: Жобаны бастағаннан кейін біз бірталай қиындыққа тап болдық. Мәселен, басында бізде «жалаушалар», яғни, тыйым салынған тақырыптар мен адамдар бар ма, тексеру керек объктіні қалай таңдаймыз деген сұрақ тұрды. Шын мәнінде, Қазақстанда ішкі цензура мәселесі бәрінде бар, бірақ біз одан толықтай дерлік арылдық. Бұл factcheck.kz концепциясындағы өте маңызды сәт. Тексеретін объектіні дәстүрлі журналистиканың негіздері, халықтың қызығушылығы мен халық үшін маңыздылығын негізге ала отырып таңдаймыз. Өзіміз үшін тақырып пен объектіні таңдаудағы талаптарды анықтадық. Фактчекинг объектісі – мемлекеттік шенеуніктер, елдің дамуын анықтайтын, бюджетті бақылайтын, шешім қабылдайтын адамдар. Жалпы бюджеттік қаражатқа және адамдардың өміріне әсер ететіндердің барлығы.

Бірақ біз заңға қайшы әрекет істемейміз, ақпаратқа қол жеткізуде тыйым салынған әдістерді қолданбаймыз, жеке бастың шекарасын бұзбаймыз.

Павел: Бізге бір рет қысым көрсетуге тырысқан, бірақ нәтижесіз болды. Біз ашық ақпараттарды негізге аламыз, ал онымен дауласу қиын. Сайттан да  ештеңені алып тастамаймыз, өйткені барлық ақпарат ашық қолданыста тұр, барлық шағым осыған кеп тіреледі.  Егер біреу қателік жіберсе немесе әдейі ақпараттық іріткі салғысы келсе өз сөзіне жауап беруі тиіс. Бақытымызға орай, ашық ақпараттардың барлығы дұрыс, біз экономика, қаржы және демографиялық статистикаға қатысты кез-келген мәліметті тексере аламыз.

Әділ: Бірде редакцияның бірі қателік жіберіп, үлкен дау туған жайт болған. Біз қайта тексеріп, өте қатал үкім шығардық. Редакция мүшелері ренжіген жоқ, оның орнына бізді өз журналистеріне тренинг өткізуге шақырды. Айтпақшы, біз жүйелі түрде қазақ және орыстілді редакцияларды оқытамыз. Фактчекерлердің міндеті – шындық іздеу жолында білгеніңмен бөлісіп отыру.

Сонымен қатар бізге мемлекеттік мекемелерден жиі сұраныс түсіп тұрады. Олар қызметкерлерін мессенджерлердегі ақпараттардың рас-өтірігін ажырата білуге үйретуді сұрайды. Сонымен бірге ЖОО оқытушылары мен студенттерін оқытамыз.

Фактчек дегеніміз фейкпен күрес қана емес. Фейк-ньюс термині Дональд Трампты танымал етті. Ол сыншылардың барлығын солай атайтын. Шын мәнінде, фактчек бірнеше үлкен блоктан тұрады: факттарды тексеру (fact-checking), мифтерді, фейктерді және стереотиптерді бұзу, әшкерелеу (debunking), саясаткерлердің мәлімдемелері мен уәделерін тексеру (promise tracking), насихатты  деконструкциялау (мәселен, украиналық Stopfake немесе ресейлік «Монитор» немен айналысатыны).

Павел: Өткен жылы әріптесім Таша Соколова екеуіміз («Монитор» жобасы) фактчекинг бойынша теориялық жұмыс жаздық, ол Киев университетінің ғылыми журналында жарық көрді және Черновцтағы университет біздің еңбегімізді журналистика факультетінің студенттерін дайындау үшін пайдаланып жатыр. Фактчек бірнеше Орта-Азия елдерінде белсенді түрде дамып келеді, осы жылы factcheck.kg жобасы өз жұмысын бастады, ал жақында ғана Тәжікістандағы фактчекинг жобасы ашылды. Мұнда біздің де үлесіміз бар екендігі қуантады, өйткені бұл елдердің журналистеріне тренинг өткізген болатынбыз. Біз бұл жеке жобаларды аймақтық желі ретінде біріктіріп, бір-бірімізге көмектесіп тұрғымыз келеді, өйткені бұл елдерде журналистерге деген қысым байқалады. Ал үлкен халықаралық желі жанрдың дамуына көмектесіп, «қолшатыр» немесе «қауіпсіздік жастығы» болар еді.

Әділ: Оңай болған жоқ, бірақ біз  IFCN халықаралық фактчекингтік желіге кірдік, оның құрамында көлемді, маңызды жобалар мен басылымдар бар.

Барлық фактчекингтік жобалардың үлкен мәселесі – аудиторияның жіктелуі. Шартты түрде аудитория үш түрге бөлінеді:

Біріншісі – сенің жақтастарың, аудиторияның ядросы. Бұл сыни тұрғыда ойлай алатын дамыған адамдар, журналистер, сарапшылар. Екінші топ – біріншіге қарама-қайшы, олардың құндылықтары басқаша, олардың ойын ешқандай дәлелмен өзгерте алмайсың. Үшінші топ – оқиғаның «сыртында» жүрген ортаңғы бөлік. Олар әлі өз бағыттарын анықтамаған, өйткені сіз білетін медиаресурстарға әлі кезікпеген. Оларды көндіруге болады, олар ақпаратты гипотезалық түрде қабылдайды, бірақ әзірге бұл тақырыпқа қызықпайды.

Көп адамдар өздерін медиа арқылы ғана дамытады. Біз үшін адамдардың сол тобын өз оқырмандарымыздың қатарына қосу – үлкен стратегиялық міндет. Біздің ұзақ мерзімді міндетіміз – оқырмандар санын кем дегенде үштен бірге дейін көтеру.

Тағы бір мәселе – фейк хабарламалардың техникалық дамуы.  Нейрожелі, жасанды интеллект негізінде deepfakes деп аталатын, яғни, сапасы түпнұсқамен бірдей видео жасайтын техникалар пайда болып жатыр, олардың жалған екенін дәлелдеу мүмкін емес. Халықаралық сарапшылар deepfakes технологиясы жақын арада дезинформацияның негізгі құралы болатынына сенімді. Яғни фактчекингтің де үлкен объектісіне айналады. Дипфейктер алдағы 10 жылдың негізгі тақырыбына айналады, олар медиабіліктілігі, медиасауаттылығы жоқ кез-келген ортаны оңай жаулап алады. Ал оған жол бермейтін тек қана жақсы журналистика, сонымен қатар ақпараттарды қайта тексере білу, фактчекинг, мектептер мен ЖОО-да медиасауаттылықты үйрету.

Осыған байланысты халық пен мемлекет сапалы кәсіби журналистикаға, фактчекингке және медиасауатты аудиторияға қызығушылық танытуы  керек.

Дезинформация мәселесі бұған дейін де болған, қазір де бар және бола береді. Бірақ дезинформациямен күресті мемлекет адамдарды алалау немесе сөз бостандығын шектеу, басқаша көзқараспен күресу үшін қолданса үлкен мәселеге айналады.

Егер менде барлық фейкгенераторларды блоктау немесе сөз бостандығының (оның ішінде өтірік айтатындардың да)  бірін таңдауға мүмкіндік болса, мен сөз бостандығын таңдаймын. Біз үшін құқықтық теңдікті бұзбау, жалпы принципті сақтау маңызды.

Фактчекинг тек журналистиканың жанры емес. Бір кездері ол қадағалаушы журналистика мен тергеу істерінің бөлігі болған. Қазір фактчекинг журналистиканың шекарасынан асып, аудиторияның медиасауаттылығын арттыратын маңызды әдістемелік құралға айналды. Және ол дезинформациямен күрескенде сөз бостандығы принципін бұзбайтын жалғыз құрал. Оның үстіне барлығын блоктау мүмкін емес. Ал ақпаратты қайта тексеруге, эмоцияға емес логикаға сүйенуге болады.

Яғни фактчекинг пен медиасауаттылық – ешқандай блоксыз дезинформациямен күреседі, аудиторияға құрметпен қарайды, өйткені оларға таңдау мүмкіндігі беріледі.

Павел: Заманауи ақпарат ағымының көптігі сонша шындық пен өтіріктің ара-жігін ажырату қиын. Егер өтірікте өмір сүргің келмесе, қалаған адам үйреніп алуға болатын қабілеттер бар. Олар арам ниетті адамдар жасамақ болған орта емес, өзің білетін шынайы ақпараттық ортада өмір сүруге мүмкіндік береді. Бұл фактчектің маңызды міндеті және біздің маңызды миссиямыз.